Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 18 қарашадағы № 1239 қаулысы

 

Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердiң ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастығы туралы келiсiмге қол қою туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 28 мамырдағы № 692 қаулысына мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген қаулымен мақұлданған Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердiң ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастығы туралы келiсiмнiң жобасы осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

 

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     С. Ахметов

 

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы 18 қарашадағы
№ 1239 қаулысына
қосымша

 

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 28 мамырдағы
№ 692 қаулысымен
мақұлданған

 

   Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің
ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы
ынтымақтастығы туралы
КЕЛІСІМ

 

Бұдан әрі Тараптар деп аталатын, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің үкіметтері,
ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің 2008 жылғы 10 қазандағы шешімімен бекітілген Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастығы тұжырымдамасының ережелерін орындау кезінде өзара іс-қимылды жүзеге асыру мақсатында,
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ақпараттық қауіпсіздігіне төнетін қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимылды күшейту үшін жаңа ақпараттық-коммуникациялық технологияларды бірлесіп және тиімді пайдаланудың маңыздылығын ескере отырып,
Тараптардың ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастығын және өзара іс-қимылын одан әрі дамыту қажеттілік болып табылатынын және олардың мүдделеріне сай келетін ескере отырып,
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ақпараттық қауіпсіздігіне төнетін қауіп-қатерлерді шектеуге, мемлекеттердің ақпараттық қауіпсіздік саласындағы мүдделерін қамтамасыз етуге ұмтыла отырып,
адамның және азаматтың негізгі құқықтары мен бостандықтарын іске асыру үшін ақпараттық қауіпсіздіктің аса маңыздылығын назарға ала отырып,
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастығының құқықтық және ұйымдық негіздерін құруды қалай отырып,
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерімен сәйкес келмейтін және мемлекеттердің азаматтық, әскери салалардағы қауіпсіздігіне залал келтіре отырып, олардың инфрақұрылымының тұтастығына теріс ықпал етуге қабілетті мақсаттарда ақпараттық-коммуникациялық технологияларда пайдалану мүмкіндігін болдырмау қажеттігін мойындай отырып,
ақпараттық қоғамда құқық бұзушылықтармен тиімді күресу үшін ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің уәкілетті органдарының неғұрлым кең, жедел және жақсы жолға қойылған ынтымақтастығы қажет болатынын болжай отырып,
төмендегілер туралы келісті:

 

   1-бап

 

Осы Келісімге қатысушы мемлекеттерде ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған бірлескен үйлестірілген іс-шаралар өткізу осы Келісімнің мақсаты болып табылады.

 

   2-бап

 

Осы Келісімнің мақсаты үшін келтірілген терминдердің мынадай мағынасы бар:
1) ақпаратқа ықпал ету – ақпараттың берілу нысанын және/немесе мазмұнын өзгерту жөніндегі іс-әрекет;
2) ақпаратқа қолжетімділік – ақпаратты алу және оны пайдалану мүмкіндігі;
3) ақпаратты қорғау – субъектілердің ақпаратқа құқықтарын қорғауға, оған санкцияланбаған қолжетімділікті және/немесе қорғалатын ақпараттың таралып кетпеуін, оған санкцияланбаған және/немесе алдын ала ықпал етуді болдырмауға бағытталған қызмет;
4) қорғалатын ақпарат – ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің заңнамасына және/немесе осы ақпаратты иеленуші белгілеген талаптарға сәйкес қорғалуға жататын ақпарат;
5) ақпараттық қауіпсіздік – жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің және олардың мүдделерінің ақпараттық кеңістікте қауіп-қатерлерден, бұзушы және өзге де теріс ықпал етуден қорғалуының жай-күйі;
6) ақпараттық инфрақұрылым – ақпаратты қалыптастырудың, құрудың, өзгертудің, берудің, пайдалану мен сақтаудың техникалық құралдары мен жүйелерінің жиынтығы;
7) ақпараттық қылмыстылық – ақпараттық ресурстарды пайдалану және/немесе құқыққа қайшы мақсатта ақпараттық кеңістікте оларға ықпал ету;
8) ақпараттық жүйе – нақты функционалдық міндеттерді шешуге арналған ақпараттық процестер арқылы белгілі бір технологиялық іс-әрекеттерді іске асыратын құралдардың ұйымдастырушылықпен ретке келтірілген жиынтығы;
9) ақпараттық қару – ақпараттық соғысты жүргізу мақсатында қолданылатын ақпараттық технологиялар, құралдар мен әдістер;
10) ақпараттық кеңістік – қызметтің ақпаратты қалыптастырумен, құрумен, өзгертумен, берумен, пайдаланумен, сақтаумен байланысты, соның ішінде жеке және қоғамдық санаға, ақпараттық инфрақұрылымға және ақпараттың өзіне ықпал ететін саласы;
11) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар – есептеу техникасының құралдары мен телекоммуникация құралдары қолданыла отырып, жүзеге асырылатын ақпараттық процестер және ақпаратпен жұмыс істеу әдістері;
12) ақпараттық процестер – ақпаратты қалыптастыру, іздеу, жинау, өңдеу, сақтау, тарату және пайдалану процестері;
13) ақпараттық ресурстар – ақпараттық инфрақұрылым, сондай-ақ ақпараттың өзі және оның ағындары;
14) ақпараттық технологиялар – ақпаратты жинауды, құруды, сақтауды, жинақтауды, өңдеуді, іздеуді, шығаруды, көшіруді, жеткізуді, таратуды және қорғауды қамтамасыз ететін технологиялық кешенге біріктірілген әдістердің, өндірістік процестердің және бағдарламалық-техникалық құралдардың жиынтығы;
15) ақпараттық терроризм – террористік мақсаттарда ақпараттық ресурстарды пайдалану және/немесе ақпараттық кеңістікте оларға ықпал ету;
16) ақпарат – олардың ұсынылу нысанына қарамастан, адамдар, заттар, фактілер, құбылыстар және процестер туралы мәліметтер;
17) қолжетімділігі шектеулі ақпарат – ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің заңнамасында не олардың халықаралық шарттарында қолжетімділігіне шектеу қойылған ақпарат;
18) мемлекетаралық ақпараттық жүйе – бірлескен меншік, бірлесіп иелену немесе бірлесіп (ортақ) пайдалану құқығында ТМД органдарына, ТМД-ға қатысушы мемлекеттер субъектілеріне тиесілі мемлекетаралық ақпараттық алмасуда іске қосылған жүйе;
19) ақпаратқа санкцияланбаған қолжетімділік – қорғалатын ақпаратқа оның иеленушісі, иесі белгілеген және/немесе ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің заңнамасында белгіленген қағидаларды немесе құқықтарды бұза отырып қол жеткізу;
20) ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – ақпараттық қауіпсіздікке төнетін қауіп-қатерлерді анықтау, олардың іске асырылуын болдырмау, осындай қауіп-қатерлерді іске асырудың жолын кесу және жою бойынша құқықтық, ұйымдық-техникалық және ұйымдық-экономикалық сипаттағы шаралар жүйесі;
21) ақпаратты қорғау жөніндегі талаптарға сәйкестікті сертификаттау – осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген ақпаратты қорғау жөніндегі талаптарға бағалау объектілерінің сәйкестігін растау нысаны;
22) ақпаратты қорғау құралы – ақпаратты қорғауға арналған немесе пайдаланылатын техникалық, бағдарламалық, бағдарламалық-техникалық құрал, зат және/немесе материал;
23) ақпаратты трансшекаралық беру – ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің мемлекеттік шекаралары арқылы оператордың ақпаратты мемлекеттің билік органына, мемлекеттің жеке немесе заңды тұлғасына беруі;
24) ақпараттық қауіпсіздікке төнетін қауіп-қатерлер – ақпараттық кеңістікте жеке адамға, қоғамға, мемлекетке және олардың мүдделеріне қауіп төндіретін факторлар;
Осы Келісімнің мақсатында ақпараттық қауіпсіздікке төнетін қауіп-қатерлер деп оның ішінде ақпараттық қаруды әзірлеу және қолдану, ақпараттық терроризм және ақпараттық қылмыстылық деп түсіндіріледі;
25) уәкілетті органдар – Тараптардың тиісті құзыреттер мен өкілеттіктер берілген, ақпараттық қауіпсіздік саласында үйлестіруді жүзеге асыратын органдары.

 

   3-бап

 

Тараптар мынадай негізгі бағыттар бойынша өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықты ұйымдастырады:
1) ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы қатынастарды регламенттейтін, осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің нормативтік құқықтық актілерін және нормативтік-әдістемелік құжаттарын жақындастыру;
2) осы Келісімге қатысушы мемлекеттерде ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған, ақпараттық кеңістікте бірлескен үйлестірілген іс-шаралар өткізу үшін нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу;
3) ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін реттейтін нормативтік құжаттарды әзірлеу және пайдаланушыларға жеткізу;
4) бағдарламалық-техникалық құралдар мен ақпаратты қорғау құралдарының шығарылуын дамытуды нормативтік құқықтық қамтамасыз ету;
5) халықаралық стандарттарға үйлесімді ақпараттық қауіпсіздік саласындағы мемлекетаралық стандарттарды әзірлеу;
6) әртүрлі қолданбалы мақсаттағы қорғалған ақпараттық жүйелерді құру;
7) ақпаратты трансшекаралық беруді ұйымдастыру;
8) ықтимал және нақты қауіп-қатерлерден ақпараттық жүйелер мен ресурстарды қорғау технологиясын жетілдіру;
9) ақпараттық жүйелердің ақпараттық қауіпсіздігіне төнген қауіп-қатерлерді талдау және бағалау;
10) ақпараттық жүйелердің жұмыс істеуіне қауіп төндіретін құрылғылар мен бағдарламаларды анықтау және бейтараптандыру саласындағы қызметті жетілдіру;
11) ақпараттық жүйелердің ақпаратына санкциясыз қолжетілімдікке және техникалық арналар бойынша оның жария болуына жол бермеуге бағытталған келісілген іс-шараларды іске асыру;
12) қорғалу сыныптары әртүрлі ақпараттық жүйелердің өзара іс-қимылы кезінде қолжетімділігі шектеулі ақпарат пен ақпараттық технологияларды қорғауды қамтамасыз ету;
13) осы Келісімге қатысушы мемлекеттерге тиесілі мемлекетаралық ақпараттық жүйелер сегменттерін және оларды бағдарламалық қамтамасыз етуді жаңғырту;
14) ақпаратты қорғау құралдарын сертификаттаудың және сертификаттау нәтижелерін өзара танудың келісілген тәртібін белгілеу;
15) ақпараттық қауіпсіздік саласындағы перспективалы ақпараттық технологияларды әзірлеу;
16) ақпараттық қауіпсіздік саласындағы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды, ғылыми-техникалық өнімді сараптау;
17) ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы кадрларды кәсіптік қайта даярлау және біліктілігін арттыру;
18) озық тәжірибелерді қорытындылау, тарату және енгізу;
19) ғылыми конференцияларды, симпозиумдарды және кеңестерді ұйымдастыру және өткізу.

 

   4-бап

 

Тараптар ТМД-ға қатысушы мемлекеттерге қатысты бейбіт уақытта да және қауіп төнген кезеңде де құқыққа қайшы және өзге де бұзушы
іс-қимыл жасау мақсатында ақпараттық-коммуникациялық құралдар мен технологияларды пайдалану қауіп-қатерлеріне қарсы іс-қимыл жасау бойынша жинақталған күш қолданады.
Тараптар ақпараттық қауіпсіздік мәселелерін кешенді шешуді қамтамасыз ететін мемлекетаралық бағдарламаларды және өзара мүдделерді білдіретін ынтымақтастықтың нақты бағыттарын iске асыру бойынша жекелеген жобаларды әзірлейді және іске асырады.
Тараптар осы Келiсiмге қатысушы мемлекеттердің заңнамасына сәйкес ақпараттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету саласында жүргізілетін жұмыстар туралы деректер алмасу тәртібін оңайлатуға ұмтылады.
Тараптар меншiк нысанына қарамастан, ақпараттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарға мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың белсендi қатысуы үшін жағдай жасайды.
Тараптар тең құқылық және өзара пайдалылық қағидаттарында ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша бірлескен іс-шараларды өткізеді.
Тараптар ынтымақтастықты үйлестіру және арттыру мақсатында осы Келісім негізінде консультациялар жүргізеді.

 

   5-бап

 

Тараптар осы Келiсiмді кезең-кезеңмен iске асыру жөніндегі жұмыстарды жүргізуді көздейтін шараларды жүзеге асырады.
Тараптар бiрiншi кезеңде осы Келiсiмнiң 3-бабында көрcетiлген ынтымақтастық бағыттарын iске асыру үшiн қажеттi ақпаратты жинауды, талдауды және алмасуды қамтамасыз етедi, ақпараттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мәселелерін реттейтін нормативтiк құқықтық актілерді әзірлейді және басқа Тараптардың уәкілетті органдарына жеткізеді.
Тараптар ақпараттық қауiпсiздiк саласында жүргізілетін жұмыстар туралы ақпарат алмасудың тәртібін оңайлатуға келісілген шараларды қабылдайды.
Тараптар келесі кезеңдерде осы Келiсiмнiң 3-бабында көрcетiлген ынтымақтастық бағыттарын келісілген мерзiмдерде iске асыруды ұйымдастырады.

 

   6-бап

 

Тараптар осы Келiсiмді iске асыру процесінде оларға белгілі болған қолжетімділігі шектеулі ақпаратты жарияламауға және тиісінше қорғалуын қамтамасыз етуге мiндеттенеді.
Осы Келiсiмге қатысушы мемлекеттердің заңнамасымен мемлекеттiк құпияға (мемлекеттiк жасырымдарға) жатқызылған мәлiметтерді беру осы Келiсiм шеңберiнде жүзеге асырылмайды.

 

   7-бап

 

Егер әрбір нақты жағдайда өзге де тәртіп келісілмесе, тараптар осы Келiсiмнің ережелерін iске асыру барысында туындайтын шығыстарды дербес көтереді.

 

   8-бап

 

Уәкiлеттi органдар осы Келiсiмді iске асыру үшін жауапты болып табылады, олардың тiзбесін әрбiр Тарап айқындайды және осы Келiсiмнiң немесе қосылуы туралы құжаттың күшіне енуі үшін қажеттi мемлекетішілік рәсімдердің орындалғаны туралы хабарламаны тапсыру кезінде депозитарийге беріледі.
Тараптардың әрқайсысы 30 күн iшiнде депозитарийді уәкiлеттi органдардың тiзбесіндегі өзгерiстер туралы жазбаша хабардар етеді.

 

   9-бап

 

Осы Келiсiмнiң 3-бабында келтірілген өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықтың негiзгi бағыттары бойынша уәкiлеттi органдар өзара ақпарат алмасады.
Уәкiлеттi органдар Тараптар арасында ақпараттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету және басқа да ақпараттық технологиялар, сондай-ақ ақпаратты қорғау құралдары мәселелері бойынша тәжiрибе алмасуды жүзеге асырады.

 

   10-бап

 

Осы Келісім Тараптардың әрқайсысының өз мемлекеті қатысушысы болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

 

   11-бап

 

Осы Келісімге Тараптардың өзара келісуі бойынша тиісті хаттамамен ресімделетін, оның ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

 

   12-бап

 

Осы Келісімді қолдану және түсіндіру кезінде туындайтын Тараптар арасындағы даулы мәселелер мүдделі Тараптардың консультациялары мен келіссөздері арқылы шешіледі.

 

   13-бап

 

Осы Келісім оған қол қойған Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы үшінші хабарламаны депозитарий алған күнінен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
Мемлекетішілік рәсімдерді кешірек орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарий тиісті құжаттарды алған күнінен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

 

   14-бап

 

Осы Келісім күшіне енгеннен кейін қосылу туралы құжатты депозитарийге беру арқылы ТМД-ға кез келген қатысушы мемлекеттің қосылуы үшін ашық.
Қосылатын мемлекет үшін осы Келісім депозитарий қосылу туралы құжатты алған күнінен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

 

   15-бап

 

Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Тараптардың әрқайсысы шыққанға дейін 6 айдан кешіктірмей өзінің осындай ниеті туралы депозитарийге жазбаша хабарлама жіберіп және осы Келісім қолданылған кезде туындаған міндеттемелерді реттеп, осы Келісімнен шығуға құқылы.
_____ жылғы ____________ қаласында бір төлнұсқа данада орыс тілінде жасалды. Төлнұсқа дана Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.

 

      Әзербайжан Республикасының            Ресей Федерациясының
      Үкіметі үшін                          Үкіметі үшін

 

      Армения Республикасының               Тәжікстан Республикасының
      Үкіметі үшін                          Үкіметі үшін

 

      Беларусь Республикасының              Түрікменстан
      Үкіметі үшін                          Үкіметі үшін

 

      Қазақстан Республикасының             Өзбекстан Республикасының
      Үкіметі үшін                          Үкіметі үшін

 

      Қырғыз Республикасының                Украинаның
      Үкіметі үшін                          Үкіметі үшін

 

      Молдова Республикасының
      Үкіметі үшін
«Әділет» АҚЖ ресми жарияланым дереккөзі болып табылмайды.
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» ШЖҚ РМК

Источник: http://adilet.zan.kz/kaz/docs/P1300001239